Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша ХІІ Президенттік олимпиаданың қорытындысы
2019 жылғы 12 қарашадан 15 қарашаға дейін Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті базасында жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша республиканың білім беру ұйымдарының 11-сынып оқушылары арасында ХІІ Президенттік олимпиада өтті.
Олимпиада 2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың жеке тапсырмасы бойынша өткізіледі.
Олимпиаданың басты идеясы – патриоттық рухы мықты, интеллектуалды, жоғары білімді қазақстандық оқушыларды тәрбиелеу, жаратылыстану-математика ғылымдарын тереңдетіп оқыту.
Олимпиаданың қазылар алқасының құрамы алдыңғы халықаралық және Президенттік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, жетекші отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының студенттері, PhD магистрлері мен докторлары қатарынан құрылды. Қазылар алқасының құрметті мүшелері ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ-Британ техникалық университеті, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдары шақырылды.
Еліміздің барлық өңірлерінен келген оқушылар 2 күн бойы математика, физика, химия және биология: 4 пән бойынша тапсырмаларды шешті.
Екі іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша олимпиадаға Қостанай облысы мектептерінің 5 оқушысы қатысты: Рудный қаласының №4 мектеп-лицейінің оқушысы Ким Юрий, Қостанай қаласының физика-математикалық лицейінен Ковалева Алина, Қостанай қаласының №1 мектеп-лицейінен Бунхоева Селима, Федоров ауданының Димитров атындағы № 1 орта мектебінің оқушысы Телятник Ольга, Рудный қаласының №5 гимназиясынан Медиубаев Амир.
2019 жылғы Президенттік олимпиадада жүлделі орынға Ковалева Алина (Қостанай қаласының физика-математикалық лицейі) ие болды, грамотамен Медиубаев Амир (Рудный қаласының № 5 гимназиясы) марапатталды.