29 қазан мен 1 қараша аралығында Ақтөбе қаласында 9-10 сынып оқушыларына арналған жас тарихшылардың «Менің кіші Отаным» VІ республикалық зияткерлік конкурсы өтті.
Конкурстың мақсаты – туған ел тарихына қызығушылық танытатын дарынды оқушыларды, олардың шығармашылық қабілеттерін анықтау, өскелең ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизм мен азаматтық сезімін қалыптастыру және дамыту, сондай-ақ оқушылардың өлкетану және Қазақстан тарихы бойынша білімдерін дамыту, ұлттық өзін-өзі сәйкестендіру және өзінің кіші Отанын мақтан тұтуға тәрбиелеу.
Республикалық кезеңде еліміздің барлық өңірлерінен 9-10 сыныптардың 88 оқушысы үздік атану үшін сайысты. Қостанай облысының атынан: Қостанай ауданы Александров жалпы білім беретін мектебінің 10 сынып оқушысы Джумадилова Эвелина, Арқалық қаласының Ы. Алтынсарин атындағы гимназиясының 10 сынып оқушысы Ербатыр Дидар, Қостанай қаласының № 3 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Байжанова Ұрқия және Федоров ауданының М. Мәметова атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Гагина Евгения сынға түсті.
Ератыр Дидар «Менің кіші Отанымның болашағы» номинациясы бойынша ІІІ орынды иеленді, сондай-ақ Байжанова Ұрқия «Дарын» РҒПО грамотасымен марапатталды.
Конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен және «Дарын» РҒПО бағалы сыйлықтарымен, грамоталарымен марапатталды.