Бүгін Ауыл мектептеріне арналған Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың І кезеңі басталды.
Олимпиаданың мақсаты: Қазақстан Республикасының ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларын анықтау, дамыту және қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау, академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, оларды одан әрі зияткерлік дамыту және кәсіби бағдарлау.
Олимпиада 3 кезеңде өтеді: 1 кезең – қараша – бастапқы, 2 кезең – желтоқсан – іріктеу және 3 кезең –қаңтар – республикалық.
Қостанай облысының ауылдық жерлердегі мектептерінің 2500-ден астам оқушысы осы олимпиадаға қатысу үшін 13 жалпы білім беретін пән бойынша тіркеуден өтті.
Республикалық олимпиаданың салтанатты ашылуы ауыл мектептерінің базасында құрметті қонақтардың қатысуымен өтті. Қостанай ауданы білім бөлімінің Заречный мектеп-лицейінде өткен осы олимпиаданың ашылуына Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Қ.А. Исмурзина, Қостанай ауданы білім бөлімінің басшысы А.К. Турткараева, «Қостанай дарыны» өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры Г.К. Укина келді.
Қ.А. Исмурзина құттықтау сөзінде Республикалық олимпиадаға қатысушыларға: «Елімізде алғаш рет Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған Республикалық олимпиада өткізілгелі отыр. Мұндай олимпиаданы ұйымдастыру – барлық оқушыға алған білімдерінің лайықты деңгейде екенін көрсетуіне сара жол ашады. Сонымен қатар жыл сайын мектептердің материалдық базасы жақсара түсуде, жаңа жабдықтар мен зертханалар сатып алынуда, өз кезегінде, олар оқушыларға туған мектебінен шықпай-ақ жаңа білім мен дағдыларды игеруге мүмкіндік береді.
Құрметті оқушылар! Табысқа жету – көп еңбекті, табандылық пен темірдей тәртіпті қажет ететін сындарлы жол. Сондықтан ерік-жігерді жанып, барлық қиындықты жеңіп шығасыздар деп сенемін. Жалпы Республикалық олимпиадаға қатысу барысында жан-жақты білім алып, жаңа достар табатын боласыздар», – деді.
Олимпиаданың 1 кезеңі 2023 жылғы 20-28 қараша аралығында өтеді.