«Математика және жобалау» халықаралық ғылыми конкурсының қорытындысы
2022 жылдың 1-16 мамырында «Математика және жобалау» халықаралық ғылыми конкурсы өтті (Мәскеу қ.). Жыл сайын қостанайлық оқушылар математика саласындағы өз жобаларын ұсына отырып, осы конкурсқа қатысады. Өткен жылдағыдай, Қазақстан қатысушылары өз жобаларын онлайн режимінде қорғады.
Биыл да байқауға дәстүрлі 4 ел қатысты: Ресей, Болгария, Қазақстан және Беларусь. Жобалар 10 номинация бойынша ұсынылды. Жаңа номинациялардың бірі – «Жасөспірімдер» болды, оған 5-6 сынып оқушылары қатысты.
Конкурста облысымыздың намысын математика бойынша 5 жобаның авторлары – Қостанай қаласының физика-математика лицейі мен № 22 жалпы білім беретін мектебінен және Рудный қаласының № 3 жалпы білім беретін мектебінен іріктелген 6 оқушы қорғады.
Байқаудың қазылар алқасының құрамына Ресей мен Болгариядан келген профессорлар, ғылым кандидаттары кірді. Қазылар алқасының шешімімен қостанайлық оқушыларға 3 жүлделі орын берілді: 1 екінші және 2 үшінші. Атап айтқанда, жүлделі (III) орынға – Рудный қаласының бесінші сынып оқушысы Алина Хайбуллинаның жұмысы лайықты деп танылды. Басқа екі жүлдегеріміз Қостанай қаласының физика-математика лицейінде оқиды: Духно Максим (ІІ орын) және Рахметов Аслан (ІІІ орын).
Дарынды оқушыларымыз бен олардың тәлімгерлерін халықаралық деңгейде лайықты өнер көрсетуімен құттықтаймыз!!!