Қостанайлық оқушылар «Болашаққа жол әрқайсысынан басталады» атты Республикалық вебинарға қатысты
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының «Болашаққа жол әрқайсысынан басталады» атты дәстүрлі білім беру жобасы «ZOOM» платформасын пайдалана отырып, 2021 жылғы 17-18 қарашасында өтті.
Вебинар бағдарламасында Елбасы кітапханасының қызметкерлері онлайн дәрістер өткізіп қана қоймай, интерактивті жаттығулар мен тренингтердің көмегімен жастарды дүниетанымын кеңейтуге, өз көзқарасын қорғауға, шешендік және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға, олардың санасын жаңғыртуға ықпал ететін білім мен дағдыларды жетілдіруге шақырады.
Вебинар барысында оқушылар Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері әзірлеген «Тәуелсіздік дәуірі», «Төртінші өнеркәсіптік революция» дәрістерін тыңдап, пікір алмасты, практикалық тапсырмаларды орындады.
Жыл сайын вебинарға Қостанай облысының 25 үздік оқушылары және жақсы оқитын оқушылар қатысады. Осы жылы Амангелді, Денисов, Жангелді, Қарабалық және Ұзынкөл аудандарының оқушылары қатысты.