20 қарашада Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлының тікелей тапсырмасы бойынша алғаш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың бірінші кезеңі басталады.
Оған еліміздің шалғай аудандарынан 9-11(12) сынып оқушылары қатысады.
Олимпиаданың мақсаты — ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілеттерін анықтау және оларға қолдау білдіру, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды табу, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануына жағдай жасау.
«Ауыл мектептеріне арналған олимпиада Қазақстанның шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балаларды анықтауға және дамытуға бағытталған. Өткізу қағидаларына сәйкес олимпиада 13 пән бойынша (жаратылыстану–математикалық бағыттағы 6 пән бойынша, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 7 пән бойынша) өткізіледі және 3 кезеңнен тұрады. Бастапқы кезеңге қатысу үшін оқушылар аuyl.daryn.kz сайтында тіркеліп, нәтижесінде 85 401 оқушы қатысуға ниет білдірді. Олимпиада «бір компьютер – бір оқушы – бір камера» қағидаты бойынша өткізіледі. Олимпиаданың барлық кезеңдерінде оқушылардың аты-жөні әділ-қазылар үшін жасырын болады. Әр кезеңнен кейін тапсырмалардың сканерленген нұсқасы, қатысушылардың жұмыстары мен дұрыс жауаптар орталықтың сайтында жарияланып отырады» - дейді «Дарын» РҒПО директорының орынбасары Айгүл Каркулова.
ІІ іріктеу кезеңін желтоқсан айында облыстық білім басқармалары өткізеді. Тапсырмалар дәстүрлі олимпиадалық тапсырмалар түрінде онлайн-платформада беріледі.
Олимпиаданың III кезеңіне ІІ кезеңнің жеңімпаздары (нәтижелерге сәйкес, әр пән мен сынып бойынша екіден артық емес) қатысады: жаратылыстану-математикалық бағыт пәндері бойынша 9-11(12) сынып оқушылары және қоғамдық-гуманитарлық бағыт пәндері бойынша 10-11(12) сынып оқушылары. III республикалық кезеңнің барлық қатысушылары республикалық сырттай мектепке қабылданады. Қорытындысында қатысушылардың жалпы санының 45%-нан құралатын жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Олар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен марапатталады. I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.
Атап өтейік, олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 20 қараша күні еліміздің барлық ауыл мектептерінде бір мезгілде өткізіледі.