Патриоттық тәрбие бойынша сынып жетекшілеріне арналған семинар
«Қостанай дарыны» өңірлік оқу-әдістемелік орталығы 2022 жылғы 18 қазанда Республика күні мерекесі қарсаңында ауылдық жерлердегі мектептердің сынып жетекшілеріне оқушыларға патриоттық тәрбие беру бойынша семинар ұйымдастырды.
Семинардың мақсаты: Қазақстан Республикасының игілігі жолында еңбектену үшін қазақстандық патриотизмді, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға, адамгершілігі жоғары, адал және қамқор тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған тәрбие жобаларын ұсыну.
Семинарға Қостанай облысының 7 ауданынан 100 педагог қатысты. Тәрбие жұмысының жүйесімен Қостанай қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-ұйымдастырушы-тәлімгерлері Жарбулов Изат Әлібекұлы мен Қазман Ратбек Қажыханұлы таныстырды.
Баяндамашылар ауылдық жерлердегі мектептердің мұғалімдерін көпмәдениетті тұлғаны жан-жақты дамытуға бағытталған мынадай жобалармен таныстырды: рухани-мәдени жобалар, танымдық жобалар, әлеуметтік тәжірибелер.
Тыңдаушыларға тәрбие жұмысында бірқатар жобаларды қолдану ұсынылды: ұлы дала ақындары, күнделікті өмірде қолданылатын мақал-мәтелдер мен қанатты сөздер, ұрпақтар сабақтасты, «Шаңырақ» - құндылықтарды іске асырудың өзегі.
Оқушылардың тәрбие жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі – ата-аналармен бірлесе жұмыс істеу. Мұғалімдерге ата-аналар қоғамымен жұмыс түрлері мен бағдарламалары көрсетілді.
Осылайша, мұғалімдер Қостанай қ. ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі оқушылармен жүргізілетін тәрбие жұмысының қалыптасқан жүйесімен танысуға мүмкіндік алды.
Педагогтердің жұмыс тәжірибесімен таныстырғаны үшін Қостанай қ. ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебі ұжымына алғыс айтамыз!