«DARYN» зияткерлік тележобасы
Ғылым мен білімді дамытуға бағытталған басымдықтарды жүзеге асыру мақсатында «Хабар» телеарнасы «DARYN» зияткерлік тележобасын ұйымдастырды. Тележобаның мақсаты – оқушылардың білімге қызығушылығын арттыру, әділ бәсекелестікті қалыптастыру, еліміздегі мұғалімдердің мәртебесін нығайту және дарынды балаларды барлық өңірлерде танымал ету. Жоба сұрақтары Қазақстанның мәдениетін, ғылым мен білім саласындағы жетістіктерді, спорттағы, медицинадағы, өмірдегі жетістіктерді, тарихи тұлғалардың шығармашылығын және т.б. қамтиды.
Іріктеу турларына 15 000 адам өтінім берді. 2022 жылдың 20 тамызында облысымыздың 11 сыныптарының 33 оқушысы онлайн режимінде өткен іріктеу кезеңіне қатысты.
Іріктеу турының қорытындысы бойынша «Рудный қаласының білім бөлімінің № 10 мектеп-гимназиясы» КММ 11 сынып оқушысы Анель Тлеубаева Алматы қаласында өткен тележобаға қатысты. Тележоба төрт кезеңнен тұрды. Тележобаға республиканың түрлі облыстарынан барлығы 11 оқушы қатысып, олардың үшеуі финалға шықты.
Тлеубаева Анель үш кезеңнен лайықты өтті және зияткерлік шоуға қатысқаны үшін алғыс хатпен марапатталды. Біз Анелді құттықтаймыз және алдағы уақытта табыс тілейміз!