Оқу жылы табысты аяқталды!

     

    Бүгін, Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Білім басқармасының мәжіліс залында Президенттік олимпиаданың, Республикалық олимпиаданың және Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

    52 оқушы 10 алтын, 16 күміс және 26 қола медаль жеңіп алып, олимпиада және жоба конкурстарының жүлдегерлері атанды.

    Қостанай, Рудный, Лисаков, Арқалық қалаларының, Қостанай, Меңдіқара аудандары мен дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының оқушылары Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Д.Ж. Сюндикованың қолынан лайықты марапаттар алды. Биылғы жылы ауыл мектептерінің оқушылары Республикалық олимпиадада ағылшын және қазақ тілдерінен алтын және күміс медальға қол жеткізіп, жақсы нәтиже көрсетті.

    Д.Ж. Сюндикова салтанатты рәсімге қатысушыларды оқу жылының табысты аяқталуымен құттықтап сөз сөйледі:

    «Республикалық олимпиада мен Республикалық жоба конкурсында қол жеткізілген әрбір медаль,– бір мақсатқа тоғысқан оқушылар, ұстаздар мен ата-аналар құрамының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әсіресе, сабағына ғана емес, сонымен қатар балаларды олимпиадаларға дайындауға да уақыт тауып жүрген және шәкірттерінің жобалары республикалық, халықаралық деңгейде жоғары бағаланған ұстаздарға да ерекше алғыс айтқым келеді».

    Олимпиада және жобалар конкурсының жүлдегерлері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі медальдарының, дипломдарының, сондай-ақ 100 000, 75 000 және 50 000 теңге сомасына сертификаттардың иегерлері атанды. Олимпиадалар мен жобалар конкурсының жүлдегерлерін дайындаған педагогтарға Қостанай облысы әкімінің алғыс хаттары табысталды.

    Барлық оқушылар мен ұстаздарды лайықты марапаттарымен құттықтаймыз! Жақсы демалып, биік белестерді бағындыру және жаңа жеңістерге жету үшін күш-қуат жинауды тілейміз!!!