Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция
2020 жылғы 20 қаңтардан 24 қаңтарға дейін «ДАРЫН» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Ресей Федерациясы Халықаралық ғылым академиясымен ынтымақтастық шеңберінде «Педагогикалық білім берудің трансформациясы жағдайындағы дарындылық және оның дамуы» атты Санкт-Петербург қаласында халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Конференцияға қатысушылар 5 күн ішінде озық инновациялық білім беру ұйымдарының тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік алды.
Екінші Санкт-Петербург гимназиясы өзінің тарихы жағынан бірегей оқу орны болып есептеледі. Бұл елдегі бай дәстүрлері бар көне мемлекеттік гимназия. Оның үлгісінде орыс ұлттық мектебінің қалыптасу тарихын, яғни шығармашылық тарих пен шексіз ізденісті көруге болады. Санкт-Петербург губерниялық гимназиясы Император І Александрдың жарлығы бойынша 1805 жылдың 7 қыркүйегінде құрылды. Мектепте оқушыларды дамыту және өзін-өзі жүзеге асыру үшін барынша қолайлы орта құрылған. Оқушыларға жоғары мектепте оқытудың 5 бағытын ұсынады, бұл олардың одан әрі бейініне және елдің үздік университеттерінде табысты оқуына ықпал етеді. Гимназияда дарынды оқушыларды анықтауға және қолдауға ерекше мән беріледі, ал вариативті компоненттің кең таңдауы оқушылардың XXI ғасырдың дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Үздіксіз математикалық білім беру зертханасы - бұл оқушылар, студенттер, оқытушылар және ғалымдар ұжымы, мектеп қабырғасынан ғылыммен айналысу мүмкін ғана емес, сонымен қатар қажет екеніне сенімді! Зертханада оқушыларды математика, бағдарламалау және жаратылыстану ғылымдары саласындағы елеулі зерттеулерге тарту жүйесі ұйымдастырылған. ҮМББЗ өзінің қызметінің ең маңызды нәтижелерімен танымал және жыл сайын халықаралық жобаларды, конкурстарды, конференцияларды ұйымдастырады.
I Петр құрған Санкт-Петербургті Ресейдің мәдени астанасы, солтүстік Венеция деп жиі атайды. Қалада мұражайлар, драмалық театрлар, сарайлар, саябақтар мен ескерткіштер көп. Конференция ұйымдастырушылары қаланың тарихи және мәдени көрікті жерлері бойынша экскурсиялық бағдарламаны да ойластырған. Қатысушылар әлемдегі көлемі жағынан екінші көркем мұражай болып табылатын Мемлекеттік Эрмитаж - бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер мұражайына барды.
Орыс мұражайы – әлемдегі ең ірі орыс өнері мұражайы, ғылыми-зерттеу және әдістемелік өнер орталығы. Орыс суретшілерінің, мүсіншілердің атақты өнер туындыларымен танысу халықтың мәдени мұрасының құндылығын ашады.
А.С.Пушкиннің лицейіне экскурсия әр қатысушының жанына із қалдырды. Лицей император І Александрдың жарлығы бойынша 1810 жылы құрылды. Бұл жерде әлемге әйгілі ақын, жазушы алғаш рет даңқ пен табысты сезінген. Ерекше бағдарлама мен жұмыс жүйесі нақты белгіленген миссияға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бір қызығы, оқытуда тұлғаның жеке даму траекториясын құру маңызды екен. Әр тәрбиеленуші өз дарынын, дағдыларын дамытуға мүмкіндік алады және баланың мүдделері бірінші кезекте ыңғайлы оқыту үшін ескеріледі. Әр лицей оқушысының өзінің бөлмесі бар — «келья», оны А.С.Пушкин осылай атаған. Мұнда Александр Сергеевич 100-ден астам шығарма жазған. Біз педагогикалық тәжірибенің үздік негіздері қазіргі заманғы мектептердің жұмыс жүйесінде көрініс тапқанын көрдік.
Санкт-Петербург қаласының инновациялық мектептерінің бірі — №56 академиялық гимназия. Еңбекқорлық - бұл табысқа жетудің негізі және «№56 академиялық гимназиясындағы» оқыту процесінің негізгі құрамдас бөлігі. Мектеп сапалы оқытуды қамтамасыз ету үшін заманауи техникамен жабдықталған. Мұғалімдер инновациялық электронды жобалар жасап, оқушыларды белсенді зерттеу жұмыстарына тартады. Педагогтармен жұмыс жүйесі ерекше қызығушылық тудырды. Гимназия қызметкерлердің уәждемесін арттырудың әр түрлі тәсілдерін іске асырады және нәтижесі-ұйымның елдегі ең үздіктердің бірі деп танылуы.
Әйгілі Петергофский және Екатерининский сарайлары ұмытылмас әсер қалдырды. Қаланың осы тарихи ескерткіштеріне бару мүмкіндігі патшалық Ресейдің ұлы тарихының бір бөлігін сезінуге мүмкіндік берді. Атақты сәулет туындылары өзінің ұлылығымен және сұлулығымен таң қалдырады. Растрелли сарайының құрылыс стилі ерекше және қайталанбас болды.
Санкт-Петербург тек Ресей Федерациясының мәдени орталығы ғана емес, сонымен қатар заманауи инновациялық IT - білім беру орталығы.
«Таланттар академиясында» өнер саласындағы балалардың дарындылығын ашуға ықпал ететін заманауи сандық білім беру ортасы құрылған. Медиаөнер орталығында қосымша білім берудің 19 бағдарламасы іске асырылуда: «Digital-art», «Тележурналистика», «Ақылды қала: урбанизмге кіріспе. Сәулеттік ойлау негіздері», «Сәулеттік дизайн және арт-объектілерді құру», «Операторлық шеберлік және монтаждау», «Анимация», «VR-технологиялар» және басқалар. Оқушылар түрлі медиаөнер бағыттарында құнды тәжірибе алады.
Өз тарихымен танымал тағы бір білім беру ұйымы классикалық және қазіргі заманғы білім беру интеграциясының тәжірибесін ұсынды. «Ханшайым Е.М. Ольденбургская атындағы № 157 гимназия» өз тарихын 1868 жылдан бастап жүргізіп келеді. 1997 жылдан бастап оқу орнының базасында «Біріккен Ұлттар Ұйымының Моделі» жоғары сынып оқушыларына қосымша білім берудің халықаралық бағдарламасы жұмыс істейді. Осы бағдарламаның конференцияларында оқушылар әр түрлі елдердің дипломаттарының рөлін қабылдай отырып, нақты БҰҰ органдарының жұмысын модельдейді.
Санкт-Петербург өзінің мәдени мұрасымен керемет әсер қалдырып қана қойған жоқ, сонымен қатар жетекші білім беру ұйымдарының бай тәжірибесін ұсынды. Біз барлық ұйымдастырушыларға және «ДАРЫН» РҒПО-на бағалы әдістемелік және басқару тәжірибесін алу мүмкіндігі үшін алғысымызды білдіреміз. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның әрбір қатысушысы өзі үшін және одан әрі дамыту үшін жаңа перспективалар мен идеяларды айқындады.