Жаздың бірінші күні әкелген марапаттар!!!
Бүгін, жаздың бірінші күнінде, Халықаралық балаларды қорғау күні Қостанай қаласының Сити орталығында Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
83 оқушы республикалық деңгейде Қостанай облысының намысын қорғады, оның 29-ы жүлдегер атанып, 5 алтын, 10 күміс және 14 қола медаль жеңіп алды.
Қостанай, Рудный, Лисаков, Арқалық қалаларының және дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының оқушыларын Қостанай облысының әкімі А.Б. Мұхамбетов марапаттады. Олимпиада жүлдегерлері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің медальдарын, дипломдарын және 100 000, 75 000 және 50 000 теңгеге ақшалай сыйлық сертификаттарын иеленді. Олимпиада жүлдегерлерін дайындаған педагогтар облыс әкімінің қолынан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаттарын алды.
Ең көп марапатқа дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушылары ие болды, олар облыс қоржынына 8 медаль салды, оның 2-і алтын (математика және биология бойынша).
Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша Қостанай лицейі республиканың 100 үздік мектебінің қатарына кіріп, жалпы рейтингте 16-орынға жайғасты және «Үздік олимпиадалық мектеп» номинациясында ІІІ орынды иеленді. Бұл барлық ұжымның, жас та болса, тәжірибелі педагогтардың, жаттықтырушылардың, тәлімгерлер мен оқушылардың тынымсыз ізденісінің арқасында мүмкін болып отыр. Оны лицей оқушылары республикалық және халықаралық деңгейде бірнеше рет дәлелдеді.
Жүлдеге жеткен барша оқушылар мен педагогтарды лайықты марапаттарымен құттықтаймыз! Жақсы демалып, жаңа жетістіктер мен биік белестерге жетелейтін күш-қуат жинап оралуды тілейміз!!!