Дарынды жастардың әлеуетін дамыту

     

      

     

    2021 жылдың 14 қазанында Қостанай облысы бойынша «Qabilet» қызметі Тұңғыш Президент Қорының директоры Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның қатысуымен басталды.

    Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры «El Úmiti» бастамасын іске асыруда, оның шеңберінде Қазақстан үшін бірнеше бірегей жобалар іске қосылды: ауыл балаларына арналған «Мың бала» зияткерлік олимпиадасы, он төрттен жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастарды дамытудың «Елбасы медалі» бағдарламасы, сонымен қатар бүкіл ел бойынша «Qabilet» қызметі өз жұмысын бастаған болатын.

    «Qabilet» жобасына 10-11 жастағы оқушылар qabilet.elbasyacademy.kz сайтында он-лайн режимінде, сондай-ақ «Қостанай дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығында қатыса алады. Қызмет әр оқушыға қол жетімді.

    Тестілеу оқушылардың қабілеттерін төрт бағыт бойынша анықтауға мүмкіндік береді: сыни ойлау, креативтілік, коммуникация және коллаборация. «Qabilet» қызметі оқушылардың кәсіби бағдарлануына да көмек береді.

    «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздарымен және «Елбасы медалі» белгісінің иегерлерімен кездесуде «Қостанай дарыны» орталығында облыс оқушылары мен жастары үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын Қор атына көптеген жылы сөздер айтылды.

    Асалқанова Жұлдыз Қостанай ауданының ауылдық мектебінде оқып, 2020 жылы «Мың бала» олимпиадасының жеңімпазы атанды. Жұлдыз өз жеңісін үлкен жетістік деп санайды, себебі оның арқасында ол қазір біздің облыстағы ең мықты оқу орындарының бірінде, «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей - интернатында оқиды. «Елбасы академиясы маған математикадан «Бірге оқу» онлайн-мектебінде қосымша оқуға мүмкіндік берді, бұл маған ғылыми жобалармен айналысуға жағдай жасады. Жақында мен облыстық «Зерде» ғылыми жұмыстар конкурсының жеңімпазы атандым және бұл тек бастамасы ғана деп ойлаймын, - дейді Жұлдыз.

    «Елбасы медалі» бағдарламасының ең белсенді 4 қатысушысын Тұңғыш Президент Қорының директоры Дариға Назарбаева қола ерекшелік белгілерімен марапаттады. Максим Панченко жобаның арқасында волонтерлер қозғалысын ашты және қазір БҰҰ Балалар Қорының (ЮНИСЕФ) және Ұлттық волонтерлер желісінің бірнеше еріктілер бағдарламаларына қатысады. «Бұл жоба менің өмірімдегі маңызды кезең болды, өйткені оған қатысу арқылы мен жеке тұлға ретінде өсуіме нақты мақсаттар қойдым және жаңа биіктерге жеттім, мүмкін емес ештеңе жоқ екенін дәлелдедім», - дейді Максим.

    Бүгінгі күні облыста 600-ден астам адам қола, күміс және алтын деңгейлеріне арналған өзін-өзі дамыту бағдарламасын орындауда. «Елбасы медалі» белгісінің алғашқы қола медальдарымен 329 қатысушы марапатталды.