Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Астана қаласы білім басқармасының №9 «Зерде» мамандандырылған лицейімен бірлесіп, жас педагогтердің кәсіби қарым-қатынасы үшін алаң құру, заманауи педагогикалық идеялар мен технологияларды әзірлеу және сынақтан өткізу мақсатында 2026 жылғы 28-29 қаңтарда мамандандырылған білім беру ұйымдары арасында «Teacher's Hackathon» республикалық педагогикалық хакатонын өткізді.
Хакатонның негізгі идеясы - заманауи педагогикалық тәсілдер мен цифрлық технологияларға сүйене отырып, оқыту мен тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған инновациялық білім беру шешімдерін әзірлейтін және командалық жұмыс түрінде ұсынатын қарқынды тәжірибеге бағытталған алаң құру.
Қостанай облысынан республикалық педагогикалық Teacher's Hackathon шарасына жас педагогтер: «Дарынды балаларға арналған БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ лицей-интернаты» КММ мұғалімі Сартаев Рауан Нұржанұлы, «Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты» КММ мұғалімі Зулгариев Риза Дүйсенбайұлы және «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернаты» КММ мұғалімі Қайрғали Нұрымжан Қайратұлы қатысты.
Осы ауқымды іс-шара аясында еліміздің әр өңірінен келген мамандандырылған мектептердің жас мамандары мектеп практикасының өзекті мәселелерін талдап, оларды тиімді шешуге бағытталған жобалық ұсыныстар әзірледі.
Хакатонның жұмысына модератор ретінде Ы.Алтынсарин атындағы ММГИ директоры Ержанова Ы.С., сарапшы ретінде «Өрлеу» АҚ Қостанай облысы бойынша ОЖБ директорының орынбасары Ж.А. Гаппаров қатысты.
Бұл алаң тәжірибе алмасу, жас педагогтердің кәсіби өсуі және инновациялық ойлауды дамыту үшін маңызды кеңістікке айналды.
Мұндай бастамалар жас мұғалімдердің әлеуетін ашуға ықпал етеді және білім беру жүйесіндегі нақты өзгерістерге жағдай жасайды.




