Облыстық «Дарынды балалармен жобалық қызметті ұйымдастыру» вебинары

Дата:
02.10.2025

2025 жылдың 29 қыркүйегінде Денисов ауданының Қырым жалпы білім беретін мектебінің педагогикалық ұжымы  «Дарынды балалармен жобалық қызметті ұйымдастыру» вебинарын өткізді.

Вебинар директордың ОТЖ жөніндегі орынбасарларына, Қостанай облысының білім беру ұйымдарында жобалау және зерттеу қызметімен айналысатын пән мұғалімдеріне арналған.

Вебинардың мақсаты: дарынды балалардың жобалық қызметін ұйымдастыру және оған қолдау көрсету мәселелері бойынша педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, олардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған тиімді педагогикалық тәсілдерді енгізуге ықпал ету.

Вебинар міндеттерінің ішінен келесілерді атап өтуге болады:

  1. білім алушылардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамыту құралы ретінде жобалық қызметтің рөлін қарастыру;
  2. білім беру ортасында оқушы жобаларын жоспарлау, ұйымдастыру және іске асыру кезеңдерін зерделеу;
  3. дарынды оқушыларды ынталандырудың, қолдаудың және тьюторлық сүйемелдеудің тиімді әдістерін көрсету;
  4. жобалық қызметте қолданылатын практикалық құралдарды, цифрлық ресурстарды және әдістемелік тәсілдерді ұсыну;
  5. педагогикалық тәжірибе алмасуға және білім беру практикасына жобалық әдісті енгізу үшін жағдай жасауға жәрдемдесу.

Өз сабақтарында жобалық қызметті ұйымдастыру тәжірибесімен тарих пәнінің мұғалімі Телеубаева Жұлдыз Қайратқызы, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нурмухаметова Светлана Анатольевна және орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Журтукова Жанна Галиханқызы бөлісті.

Қатысушылар дарынды балалармен жобалық қызметті ұйымдастырудың тиімді тәсілдерімен танысты, жобаны әуелгі идеядан соңғы қорғауға дейін жеткізу алгоритмін игерді, сондай-ақ өз жұмысына жобалық әдісті енгізудің практикалық құралдарын меңгерді.

Вебинар жұмысына Қостанай облысының білім беру ұйымдарының 54 педагогі қатысты.