Қостанайлық мектеп оқушылары Қ.Сәтбаев атындағы халықаралық химия олимпиадасында үш медаль жеңіп алды

Дата:
03.11.2025

2025 жылғы 28 қазан - 1 қараша аралығында Жезқазған қаласында Қ. Сәтбаев атындағы химия пәнінен халықаралық олимпиада өтті.

Осыған дейін өткізіліп келген республикалық олимпиада биыл халықаралық мәртебеге ие болып, оқушыларымызға өздерін жоғары деңгейде көрсетуге тағы бір мүмкіндік берді.

Олимпиаданың негізгі мақсаты дарынды балаларды анықтау және қолдау, теориялық білім мен практикалық дағдыларды тереңдету, оқушылардың химияны оқуға деген қызығушылығын арттыру болып қала береді.

Олимпиадаға Қазақстан, Ресей және Қырғызстаннан 80-нен астам қатысушы қатысты.

Қостанай облысының атынан үш оқушы – химия пәні бойынша облыстық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері: Дарынды балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатынан Кадралинов Алибек, Даиров Муслим және «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатының оқушысы Абжанова Наргиз қатысты.

Бір қуантарлығы, үш қатысушымыз да бір күміс, екі қолаға қол жеткізіп, халықаралық медальдар иегері атанды. Наргиз Абжанова күміс алса, Алибек Кадралинов пен Муслим Даиров қола жүлдені еншіледі.

Оқушыларды және олардың ұстаздарын жаңа олимпиада жылының сәтті басталуымен құттықтаймыз!!!