28 ақпан мен 2 наурыз аралығында Астана қаласында қазақ тілінен «Ана тілі» республикалық олимпиадасы өтті.
Алғаш рет 2025 жылы ұйымдастырылған бұл жобаны «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырды.
«Ана тілі» олимпиадасының негізгі мақсаты – жастар арасында қазақ тілін насихаттау, оны ғылым мен білім тіліне бағдарлау, сондай-ақ оқушылардың оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін арттыру.
Финалдың алдында іріктеу кезеңі өтті, оған сәйкес Қостанай облысының үш білім беру ұйымынан 3 команда қорытынды кезеңге шақырылды, олар: Қостанай ауданының № 1 Заречный жалпы білім беретін мектебінің, Рудный қаласының № 2 гимназиясының және Қостанай қаласының А.Бірімжанов атындағы жалпы білім беретін мектебінің командалары.
Қатысушылар келесі үш негізгі бағыт бойынша бақ сынасты: «Пікірсайыс», «Тілшілер», «Білімпаздар».
Жарыс қорытындысы бойынша Қостанай қаласының А.Бірімжанов атындағы жалпы білім беретін мектебінің командасы 3 орынға ие болды.
Қостанай ауданының № 1 Заречный жалпы білім беретін мектебінің, Рудный қаласының № 2 гимназиясының командалары «Белсенділер» номинациясы бойынша естелік медальдармен марапатталды.
Республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсетулеріңізбен құттықтаймыз!




