Математикадан олимпиадалық есептерді шешудің теориясы мен практикасы

Дата:
13.04.2026

2026 жылдың 9 сәуірінде «А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ» КЕАҚ Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай педагогикалық институтының базасында «Олимпиадалық есептерді шешу» атты мемлекеттік тілде оқытатын математика пәні мұғалімдеріне арналған оқыту семинары өтті. Іс-шараны «Қостанай дарыны» өңірлік оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.

Семинарға облыстың 6 ауданынан және 3 қаласынан 28 педагог қатысты. Семинар тренерлері: Алимбаев Алибек Алпысбайұлы, PhD докторы, физика-математика пәндері кафедрасының аға оқытушысы және Асқанбаева Ғалия Баймұхаметқызы, «А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ» КЕАҚ Ө. Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтының физика-математика пәндері кафедрасының аға оқытушысы. Жаттықтырушылар семинар қатысушыларына олимпиадалық есептерді іріктеуді және оларды шешудің тиімді тәсілдерін көрсетті.

Семинарға қатысушылар оқушыларды математикалық олимпиадаларға дайындаудың тиімді әдістерін қарастырып, стандартты емес есептерді талдап, оқытудың заманауи тәсілдерін талқылады. Өз кезегінде, педагогтер жаттықтырушылардың жоғары кәсібилігін және алған білімдерінің маңыздылығын атап өтті.

Семинар оқыту деңгейін арттыруға және өңір оқушыларының математикалық біліктілігін одан әрі дамытуға ықпал ете отырып, олимпиадаға дайындықтың маңызды бөлігіне айналды.