
2025 жылдың 24 сәуірінде қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған ұлы тұлға — Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығына арналған ерекше рухани шара өтті. Облыстық «Ыбырай оқулары» байқауы Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының базасында жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Байқаудың негізгі мақсаты – Ыбырай шығармаларын насихаттау, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін ашу, ұлы дала ағартушысының өшпес мұрасын дәріптеу, сонымен қатар қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, тілі мен тарихына деген қызығушылығын ояту.
Іс-шара Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасы мен мәдениет басқармасының бірлесуімен өткізілді. Бұл өз кезегінде байқаудың маңызын арттырып, қатысушыларға үлкен шабыт сыйлады.
Байқауға 17 өңірден, Рудный, Қостанай, Лисаков қалаларынан және Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатынан 88 оқушы бақ сынады. Олар өздерінің білімдерін көрсетіп, шығарманы мәнерлеп, келістіре оқып, сахна мен көркемсөз оқу шеберліктерін ортаға салды. Нәтижесінде 24 оқушы топ жарып, жеңімпаз атанды. Бұл жеңіс тек қана марапат емес, болашаққа деген сенім мен шабыттың көрінісі.
Байқаудың барлық қатысушыларына алғыс білдіреміз және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймыз!