ЕРЕЖЕ
«Ә.БЕКТҰРОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ХИМИЯ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЕРЕЖЕСІ»
І. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже академик Ә.Бектұров атындағы Халықаралық химия олимпиадасының (бұдан әрі-Олимпиада) өткізу тәртібін, әдістемелік, ұйымдастырушылық, қаржыландыру мәселелерін және оқушылардың қатысу тәртібі мен жеңімпаздарын анықтайды.
2. Олимпиада химия пәніне қызығушылық танытқан оқушыларды анықтау және қолдау мақсатында келесі міндеттерді айқындайды:
- оқушыларды ғылыми-зерттеу іс-әрекетіне жұмылдыру;
- олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту;
- ғалымдар мен тәжірибелі мамандарды дарынды оқушылармен жұмыс жүргізулеріне тарту;
- оқушылардың ұлттық құрама командасына енуі мен халықаралық зияткерлік сайыстарға қатысуларына мүмкіндік жасау.
3. Олимпиада мемлекеттік және мемлекеттік емес білім беру ұйымдарының, сонымен қатар серіктестік меморандумы аясында шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарының 10-11 сынып оқушылары қатысуымен ерікті түрде өтеді.
4. Олимпиаданың ұйымдастырушысы: облыс білім беру басқармасының «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы.
5. Олимпиада тапсырмаларының химия пәні бойынша оқу бағдарламасына сәйкес дайындалуын ұйымдастырушылар қамтамасыз етеді.
6. Тапсырмалар жалпы орта білім беру бағдарламасының негізінде құрастырылады.
7. Қатысушылар мөлшері ұйымдастырушылар тарапынан анықталады.
8. Олимпиаданың марапаттау құжаттарының үлгісін (дипломдар) және сыйлықтарды ұйымдастырушылар бекітеді.
9. Жалпы басшылықты ұйымдастыру комитеті жүргізеді. Ұйымдастыру комитетінің басты міндеті – іс-шара барысында тәртіпті қадағалау, олимпиаданың жариялығын қамтамасыз ету және тапсырмалармен жабдықтандыру.
10. Ұйымдастыру комитеті республикалық және облыстық білім беру, ғылыми және қоғамдық ұйымдарының өкілдерінен құрастырылады.
11. Ұйымдастыру комитеті:
- олимпиаданың өткізу мерзімі бойынша өзгертулер енгізеді;
- қатысушылар санын анықтайды;
- олимпиада қорытындысын шығарады, талдау жасайды, олимпиаданы өткізу бойынша есеп береді.
- олимпиаданы жетілдіру және дамыту мәселесі бойынша ұсыныстарын қарастырып, енгізеді;
- ҚР-ның Білім және ғылым министрлігіне олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін химия пәні бойынша ұлттық құрама командасына енгізу туралы ұсыныстар жасайды.
12. Әдістемелік қамтамасыздандыруәдістемелік комиссияға жүктеледі.
13. Әдістемелік комиссия мемлекеттік және мемлекеттік емес білім беру, ғылыми және қоғамдық ұйымдарының қызметкерлері, олимпиадаларға қатысу тәжірибесі бар аспиранттар мен студенттер қатарынан құрастырылады.
14. Әдістемелік комиссия олимпиада тапсырмаларының анықтылығын (дұрыстығын) қадағалауға және бағалау критерийлерін құрастыруға жауапты.
15. Орындалған тапсырмаларды қазылар алқасы тексереді.
16. Қазылар алқасы ғылыми және педагогикалық ұйымдарының қызметкерлері және аспиранттар мен студенттер қатарынан құрылады.
17. Қазылар алқасы:
- орындалған тапсырмаларды бағалайды;
- орындалған тапсырмалардың талдауын жасайды;
- ұйымдастыру комитетіне олимпиада қорытындысы бойынша есеп береді.
ІІ. Олимпиаданы өткізу тәртібі
1. Қатысушылар тізімі «Ертіс дарыны» ӨҚББОӘО-ның www.ertis_daryn.kz сайтында жарияланады, сонымен бірге тиісті білім беру ұйымдарына хабарланады.
2. Олимпиада екі тур бойынша (теориялық, тәжірибелік) өтеді.
3. Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін ұйымдастыру комитеті мен қазылар алқасы анықтайды.
4. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталады, сонымен бірге республикалық оқу-жаттықтыру жиындарына қатысуға мүмкіндік алады.
5. Олимпиада қаржыландыруы бюджеттік және демеушілер тарапынан жүзеге асырылады.